Түркістан: Ордабасы ауданында жаңа мектеп ашылды
Түркістан облысында биыл 50-ден астам мектеп бой көтереді. Алдағы уақытта облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Бүгінгі таңда облыстағы 133 жекеменшік мектепте 34 362 оқушы білім алуда. Қысқа уақыттың ішінде өңіріміздегі жекеменшік мектептер желісінің артуы – мектеп тапшылығын қысқартуға үлкен үлесін қосуда.
Бүгін Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында Әбілқайыр Оспанов атындағы «SEA BILIM» жалпы орта мектеп пайдалануға берілді. Айтулы білім ордасының ашылу салтанатына ел ақсақалдары, ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар қатысты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Жекеменшік секторды білім саласына инвестиция салуға шақырды. Инвесторлар қаржысымен мектеп салуда Түркістан облысы көш басында тұр. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – бүгін Ордабасы ауданында жаңа мектептің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Осы мектептен білімді, дарынды оқушылар шыға берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Салтанатты жиында мектептің лентасы қиылып, іс-шараға қатысушылар оқу кабинеттерін, асханасын, спорт зал мен кітапханасын аралады. Құрылысы былтыр басталып, тапсырылған 1350 орындық мектеп заманауи пән кабинеттерімен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған.