Ордабасы: мәжіліс депутаты әлеуметтік мәселелерге баса назар аударды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келді. Халық қалаулысы сапар аясында ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәжіліс қабырғасында 2023 жылы атқарған жұмыстармен, сондай-ақ алда жүзеге асатын ауқымды жобалар жөнінде ақпарат беріп өтті.
Мәжіліс депутаты «AMANAT» партияның сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл, елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Шұбарсу ауылдық округінде тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған Қайрат Рахымұлы округте жүргізіліп жатқан инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарына баса назар аударды.
Ауыл ақсақалдарымен кездесуде депутат тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тікелей қадағалауға алып, оңды шешім табуына ықпал ететіндігін жеткізді.
Сапара аясында халық қалаулысы аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Аталған жиынға «AMANAT» партиясының Ордабасы қалалық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұратов, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов және ішкі істер саласының жеке құрамы қатысты.
Алқалы жиында аудандық Полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қауашбаев халық қалаулысына құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді баяндап, өзара пікір алмасты.
Іссапар кестесіне сай мәжіліс депутаты «Қажымұқан-Қараспан топтасқан су жүйесі» РМК жұмысшыларымен кездесіп, сала мамандарының ағын су жүйесі бойынша ұсыныс-тілектерін тыңдады.
«Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, зейнеткерлермен кездесті.
Мәжіліс депутаты ардагерлермен мен зейнеткерлерге қамқорлық, мүгедектігі бар адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау, тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп дағдарысқа ұшыраған балаларға әлеуметтік психологиялық қызмет көрсететін орталық жұмысын оң бағалап, аталған орталықтың емдеу саласына депутаттар тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді.