Елімізде әкімдерге жаңа талап қойылмақ

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстанның Бюджет кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобаларын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров түсіндіріп берді.

Бюджет кодексі – бюджеттік саясаттың негізі, мемлекеттің стратегиялық міндеттерін қаржыландыруға, республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмыс істеуіне байланысты барлық процесті реттейді. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған, – деді министр.

Олар:

Біріншіден, бұл бюджеттік процестерді жеңілдету.

Екіншіден, блоктық бюджеттің элементтерін енгізу.

Үшіншіден, мемлекеттік қаржыны шоғырландырылған басқару үшін заңнамалық негіз құру.

Төртіншіден, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру.

Бесіншіден, нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру.

Министр жергілікті бюджеттің шығысын жоспарлау сапасын арттыру бойынша бірқатар норма заңға енгізілгенін атап өтті. Осылайша, әкімдерге жаңа талап қойылмақ.

Әкім қызметінің бір базалық құжатын – өңірді дамыту жоспарын айқындау ұсынылады. Тек даму жоспары негізінде бюджет бөлінуі керек. Оның құрамында бюджетті жоспарлау және өңірді дамыту үшін негіз болатын инвестициялық жоспар әзірленеді. Мұндағы басты мәселе, ол барлық мемлекеттік органда бар деректердің негізінде елді мекендер бөлінісінде проблемалық және басым аймақтарды көрсететеді. Бұл ақша бөлу кезінде, ақшаны қайда және неге бағыттау керек екені көрініп тұратын қолайлы құжат болады, – деді Қуантыров Мәжілісте.

Сондай-ақ ведомство басшысы нысаналы даму трансферттері тек аса маңызды инфрақұрылымды және республикалық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын атап өтті.

Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін барлығы 26 заңға түзету мен өзгерту енгізіледі.

ПІКІР ЖАЗУ