Шымкент: тұрғындардың тілегі орындалып, жаңа гүлзар ашылды
Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында жаңа гүлзар ел игілігіне берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.
Демалыс аймағының ашылу барысында қала басшысы гүлзарды аралап, жергілікті халықпен тілдесті. Тұрғындар 20 жылдан бері түйіні тарқамаған мәселе тез арада шешімін тауып, әсем сквер салынғанына ерекше ризашылықтарын білдірді.
Еске салсақ, қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде жергілікті халық гүлзар салу бойынша мәселе көтерген болатын. Бұқараның тілегін ескерген қала басшысы мәселені өз бақылауына алып, шұғыл түрде жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың жер телімдері мемлекет мұқтаждығына алынып, құрылыс жұмыстары басталды.
Демеушілер есебінен салынған демалыс аймағының жалпы алаңы 50 соттықты құрайды. Скверде 100-ге жуық тал көшеті (20 дана қайың, 18 дана акация, 8 дана шынар, 20 дана емен, 8 дана қарағай, 18 дана талшын) егілді. Құрылысы 1 ай шамасында аяқталған гүлзарда әткеншектер мен орындықтар және қоқыс жәшіктері орнатылды. Сондай-ақ 2 000 шаршы метрге мәрмәрдан жасалған аяқжол салынып, 2 200 шаршы метр аумақ көгалдандырылды.