Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендетілген өңірлер аталды
Еліміздің бес өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚМА агенттігіне сілтеме жасап.
Қостанайда жеткізу тізбегінен делдалды алып тастау есебінен қарақұмық бағасы 25%-ға (340 теңгеден 260 теңгеге дейін) төмендетілді. Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай алгоритм бойынша супермаркеттер желісіндегі қарақұмық бағасы 40%-ға арзандатылды. (3 кг қаптамасы үшін 2374 теңгеден 1450 теңгеге дейін). ШҚО-да ҚМА аумақтық Департаментінің бастамасымен білім беру мекемелерінде алдағы жылға қарақұмық пен қантты сатып алу бағасы қайта қаралды. Орташа алғанда, өнімдердің құны 30%-ға төмендеді (қарақұмық 35%-ға, 625-тен 420 теңгеге; қантқа 20%-ға, 536-дан 435 теңгеге), – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ақмола және Қызылорда облыстарында қант пен ұнға сауда үстемесін бірнеше рет асырғаны үшін екі көтерме жеткізуші жауапқа тартылды. Нәтижесінде бағалар шамамен 15%-ға төмендеді.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік азық-түлік жиынтығын жеткізу кезінде сауда үстемесі сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы керек.