Бәйдібек: табиғи сипаттағы жағдайларды қалпына келтіру жұмыстарының барысы
Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов өткен аптадағы дауылдан ауданда орын алған табиғи сипаттағы жағдайларды қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылады.
Бірінші кезекте Мыңбұлақ ауылына барып, шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйінде болды. Жауаптыларға сапалы жүргізуді тапсырды. Одан кейін Қосбұлақ елді мекеніндегі медициналық тірекке барды. Ғимаратты аралап көрген аудан әкімі бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, ретке келтіруді ескертті.
Сонымен қатар Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы мектепте және Айгүл балабақшасында болды. Балабақшаның шатыры жөнделген. Қазіргі таңда мектептің шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі уақытты тиімді пайдаланып, қалпына келтіру жұмыстарының сапасына мән беру керектігін назарға салды. Тұрақты мен Бірлік елді мекендерінде болып, ауыз суға байланысты орын алған жайдалардан соң қалпына келтірілген жұмыстарды көрді. Қазіргі таңда ауыз су берілуде.
Сондай-ақ Ерлан Нұрмаханов аудан орталығындағы №19 колледжде болды. Колледж директоры аудан басшысына желдің салдарынан үшқан шатырлары қайта қалпына келтірілгенін баяндады.
Сапар барысында Көктерек ауылдық округінің әкімі Қ.Сыпатаев атындағы мектептің бұзылған шатырлары қайта жабылып, аяқталғанынан хабардар етті.
Жалпы ауданда ауа райынан болған ақауларды қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде атқарылуда.