Шардара: «Түркістан таланттары» – шежірелі шардарада

Сәрсенбінің сәтінде аудандық мәдениет сарайында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруында әр ауданда өтіп келе жатқан «Түркістан таланттары» жобасы аясында облысымызға танымал ақындар – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Жапырақ ғұмыр» жыр жинағының авторы Айдар Сейдәзім, айтыс өнерінің дүлдүлі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шабыт толқынында» атты тұңғыш жыр кітабінің авторы, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов, республикалық, аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері, «Дүниеге келер әлі талай Қасым» мүшәйрасының жеңімпазы Бауыржан Ермановтармен арнайы кездесу кеші болып өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өлкемізден шыққан талантты жандардың шығармашылығын, өмір жолын өңірлерде насихаттау, қаламгерлерді оқырмандармен жүздестіру арқылы әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру, қаламгер мен оқырманның арасындағы байланысты нығайта отырып, кітап оқылымын арттыру, руханиятты жаңғырту.

Жыр кеші басталар тұста қонақтар аудандық орталық кітапхана қызметкерлері даярлаған осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған кітап көрмелерін тамашалады.

Кештің ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев облыс деңгейінде ұйымдастырылып жатқан шараның маңызына тоқталып, ақындарға шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен бірге кеш қонақтарына аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстап, иықтарына шапан жауып, сый-сияпат тарту етті. 

Өз кезектерінде сөз алған ақындар қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті жайлы оралымды ойлар айтып, жалынды жырлар оқыды. Оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Туған топырағымыздың перзенттері, қарымды қаламгерлер, парасаты мол біртуар азаматтары туралы сөз қозғап, шығармаларын жатқа  оқу –  біздің парыз. Ауылда туып, тәңір берген дарындылығымен, шығармашылық  қабілетімен  танымал  болған, әдебиет пен өнер саласында ізі бар аға-інілерімізді құрметтеу, таланттыға бас ию – бүгінгі ұрпақтың  басты  міндеті деп білеміз. Осы орайда кітапхананың тұрақты оқырмандары ақындардың жыр- ларын жатқа оқып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жастардың тұнық  сезімге тұнып тұрған мөлдір жырларды іздеп жүріп оқитыны осындай талантты жастардың арқасы.

Түркістанның әдеби ортасы күн өткен сайын түлеп, түрленіп келеді.

Рухы биік халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз зор болғай!

ПІКІР ЖАЗУ