Созақ: желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қабылдап, құрмет көрсетті
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қабылдап, құрмет көрсетті.
– 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тарихымызда өшпес із қалдырды. Желтоқсанның екпінімен келген бұл күн – Ата-бабамыздың арманы орындалып, тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегінің символына айналды. Бүгінде тұрақтылықты, татулық пен тыныштықты ту еткен қазақ елін, бүкіл әлем бейбітшіліктің бесігі деп біледі. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Осынау мерекеде ұлтымыз бен еліміздің тәуелсіздігі жолында күрескен баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, саулық, бақыт пен шаттық тілеймін,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтарға арнайы алғыс хат пен, сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.
Жиынға қатысушылар еркін тақырыпта пікір алмасты. «Желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсат Қарғабай көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, – Тәуелсіздік күні құтты болсын, көк туымыз әрдайым биіктен желбіресін,-деп ізгі тілегін арнады.