Келес: желтоқсаншы мен ауыл билеріне құрмет көрсетті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Даурен Сариев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахманов 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан Жеңіс Сатбаев пен ауыл билерін қабылдап, мерекемен құттықтады.

– Сонау ызғарлы қыста егемендікке ұмтылып, толқыған қазақ жастарының тарихымыздан алар орны ерекше. Соның бір тұсында сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз бен үлестеріңіз салмақты деп білем. Бұл біздің жадымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде мәңгі сақталады. Баршаңызды еліміз үшін қастерлі мереке тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ауданның дамуына қосқан үлестеріңізбен, ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Даурен Нұрланұлы.

Даурен Сариев пен Бақтияр Оралбайұлы жиналғандарды аудан әкімінің арнайы «алғыс хатымен» марапаттады. Сонымен қатар, «Әділ билер» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған «Ел сенімі» медалін табыстады. 

Өз кезегінде бас қосуда сөз алған Келес ауданының төбе биі Өмірзақ Өтенов ауыл билеріне елдің әлеуетін көтеру бағытында еңбектенуге, жастардың тәрбиесі мен біліміне ерекше мән беруге шақырды. Ал аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ілес Нұртаев қоғамдық бірлестік ұсынған төс белгі үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ