Қазығұрттық кикбокстан әлем чемпионы елге оралды

 Португалияның Албуфейра қаласында кикбокстан  өткен әлем чемпионатының жеңімпазы  Нұрдаулет Қалшора елге оралды. 57 келі салмақта өнер көрсетіп, әлемдік аренада көк туымызды желбіреткен спортшыны туған туыстары ыстық ықыласпен қарсы алды.

 Жекпе-жектің бұл түрінен Қазақстан құр¬амасы үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүргенін жанкүйерлер  жақсы біледі. Бұл жолы да спортшылар дәстүрден жаңылмады. Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама 22 медаль жеңіп алды. 57 келі салмақта Нұрдәулет Қалшора қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалап, көк байрақты көкке көтерді. Қазығұрттық спортшы бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалғанын айтады, жеңіске жету жолы да оңай болмаған.

 Бұл спортшының алғашқы жеңісі емес, осымен Нұрдәулет кикбоксингтен әлем біріншілігінің 2 дүркін чемпионы атанып отыр. Қуанышты сәтте тақымын қысып қолдау көрсеткен  әжесі Зейнеп немересінің жеңіске жететіне сенімді болғанын айтады.

Чемпионның ағасы Нүрсейіт Қалдыкөзов бауырының жеңісі жайлы мақтанышпен айтты. Түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемді мойындатқан Нұрдәулетке қандай марапат берсе де жарасатынын айтады. «Нұрдаулет бұл биікті өзінің қайтпас қайсар, өжет мінезімен бағындырды»-, деді ағасы.

 Айта кетейік, 70 мемлекет¬тен 573 спортшы қатысып, күш сынасқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы топ жарып, 5 алтын, 5 күміс және 12 қола медальды қанжығасына байлады.

ПІКІР ЖАЗУ