Ордабасы: «Жусансай» фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді

Биыл Түркістан облысында облыс бойынша 24 денсаулық сақтау нысандарының құрылыстары жүргізілді. Биыл соның 18-ін ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Атап айтқанда 1 аудандық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе,  тағы 1 дәрігерлік амбулатория мен 3 фельдшерлік-акушерлік пункт жыл соңына дейін тапсырылады.

Соның бірі бүгін Ордабасы ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жусансай» фельдшерлік-акушерлік пунктін ашылды. Шұбар ауылдық округі, Жусансай ауылындағы медициналық нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудан әкімі Азат Оралбаев және облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш мен Ғани Райымбеков  қатысты.

– Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын! Осынау күнде жаңа нысанның ашылуына келіп отырмыз. Аталған фельдшерлік-акушерлік пункті ел игілігіне қызмет етіп, емхана персоналы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, еліміздің бұдан әрі көркейіп, кемелдене беруіне өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен салынған бұл нысанның жалпы ауданы 180 шаршы метрді құрайды. Ауысымда 15-20 адам жұмыс істей алады. Жобаның жалпы құны 106 млн теңге. Санитарлық талаптарға, өрт қауіпсіздігіне, толық сәйкестелген және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған пункт ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы санитарлық медициналық көмек түрлерін көрсететін болады.

ПІКІР ЖАЗУ