Түркістан:Ордабасы ауданында жаңа мектеп ел игілігіне берілді

Биыл Түркістан облысында жалпы мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда осы 33 мектептің 7-уі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 13 мектеп толықтай тапсырылады. Бұдан бөлек, 6 230 оқушыға шақталған 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Ордабасы ауданы, Аққойлы ауылында 100 орындық «Ақбастау» атындағы жалпы орта мектебінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш пен Ғани Райымбеков қатысып, ауылдастардың қуанышын бөлісті. Білім беру мекемесінің ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары тәуелсіздік жылдары өңіріміздің білім саласында атқарылған ауқымды жобаларды айтып өтті.

– Баршаңызды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтаймын. Облыста жалпы 1032 мектепте 519 904 оқушы білім алуда. Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Бүгін мереке қарсаңында облысымызда бірқатар әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға берілуі біз үшін, жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында! Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін! – деді Бейсен Дәулетұлы.

Айта кетейік, Шұбар ауылдық округіне қарасты ауылдағы бұрынғы мектеп ғимараты апатты жағдайда болғандықтан, облыстық бюджет есебінен жаңа нысанның құрылысы басталған еді. Бүгінде білім ошағында заман талабына сай жабық спорт залы, медициналық кабинет, оқу залы, IT кабинеті, асхана, ашық спорт алаңшасы бар. Жалпы ауданда 72 мектеп болса, бүгін соның қатары толықты. Биыл жаңа оқу маусымында Ордабасы ауданында 300 орындық С.Мұқанов мектебі, 200 орындық З.Исабеков мектебі және де Бадам ауылы, Орда мөлтек ауданынан жекеменшік «Ұлы Орда» мектебі пайдалануға берілген болатын. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында ауданда тағы 5 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.

ПІКІР ЖАЗУ