Түркістанда аламан айтыс өтті

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арналған «Ер Түріктің бесігі» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Аламан айтысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, құттықтады.

– Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Биыл Түркістан облысына 5 жыл толып отыр. Киелі шаһар жаңа кезеңіне, жаңа дәуіріне қадам басты. Жылды дуалы ауыз ақындарымыздың айтысымен қорытындыласақ деген ойымызды облыс әкімі қолдап, бүгін керемет айтыс өтті. Барлығы да Түркістанның игілігін жырлап жатыр. Жыл басында өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, сол жиында бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Міне, облыстың намысын қорғайтын 12 жас ақынға арнайы шапан тігілді. Қай жерде болмасын, түркістандық ақындарды ел таныса, ақындар арқылы Түркістанды таныса деген ойдан туындаған идея еді. Сондай-ақ 5 аудан, қалада облыстық, республикалық деңгейде айтыстар өтті. Бұл дәстүр келер жылы да жалғасын табады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дүбірлі додаға Түркістан облысының елімізге белгілі 16 айтыскер ақыны бақ сынады. Бірінші кезеңде жұптасып, тамаша айтыс көрсетті. Екінші кезеңге 4 ақын өтіп, шын жүйріктер анықталды.

Сөз сайысына айтыскер ақын «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, жазушы, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын, Мұхтар Ниязов төрелік етті. Қазылар тарапынан айтыс мәдениетін сақтау жөнінде, сөз өнеріне қатысты сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Қазылар алқасының шешімімен 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен Нұрмахан Жақыпбек (Арыс қаласы) бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Аян Ниязбекке (Төлеби ауданы), жүлделі ІІ орын Дәурен Ақсақаловқа (Отырар ауданы), жүлделі ІІІ орын Қажымұхан Абзалов (Бәйдібек ауданы) пен Ахметрасул Баянбайға (Отырар ауданы) және Анар Жаппарқұловаға (Отырар ауданы) бұйырды. Ал «Тұран» номинациясын Шахмардан Бекарысұлы (Түркістан қаласы) және «Ең жас айтыскер ақын» номинациясын Аллажар Бекмұратұлы (Қазығұрт ауданы) иеленді. Сондай-ақ Нұрдәулет Өмірбек (Түркістан қаласы), Нұрлыбек Мейірманов (Бәйдібек ауданы), Қалижан Білдәшов (Созақ ауданы), Нұрлан Есенқұлов (Арыс қаласы), Біржан Байтуов (Бәйдібек ауданы), Дәурен Ысқақ (Келес ауданы), Мейіржан Жақып (Отырар ауданы), Исламхан Мұхамедхан (Түркістан қаласы)  марапатталды.

ПІКІР ЖАЗУ