Сауран: ауыл тұрғындарының мәселесі – басты назарда

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдау өткізіп, тұрғындар мәселесін тыңдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

 Аудан әкімнің қабылдауына ауыл тұрғындары келіп, түрлі жеке мәселелерін жеткізді. Атап өтсек, Шорнақ ауылдық округі, Шорнақ елді мекенінің бір топ тұрғындары «Сауран Қызмет» ЖШС мекемесінің айлық жалақыларын уақтылы ала алмай жатқанын, еңбек демалысы және зейнетақы қорына қаржыларының уақытылы түспей жатқандарын алға тартты.

 Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны Сұлтанай Мырзаханова тұрғын үй алу бойынша мәселесін айтты. Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Мұхтар Жұманов Құсшы ата ауылының бұрылысына жарық шамдарды қосу, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны Феруза Бекмашова Шорнақ елді мекені С.Сейфуллин көшесінің бойына балалар ойын алаңшасын салуды жеткізді.

 Сонымен қатар, Шорнақ елді мекенінің тұрғыны Рахима Жақыпова өзінің 3 топтағы мүгедек екенін, тұрақты жұмысқа орналастыруды сұраса, Ережеп Құрғамбаев Бабайқорған ауылдық округі, Игілік ауылының өзекті мәселелерін алға тартты. Ал, Мырзалы Есетов Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі ауылындағы мешіт орналасқан жердің мәселесін шешуді сұранды.

 Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ