Ордабасы: аудан әкімі Шұбарсу ауылындағы инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауылдық округіне сапары барысында ауылдың кіреберіс аумағын абаттандыру, ауыз су, электр жүйесінің құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп көрді.

Аудан әкімі ауылға кезекті сапарында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойында орналасқан ауылдың бизнеске тартымдылығын арттыру үшін сауда қатарларын салу, ауылдың атын айшықтайтын төлқұжат орнату бойынша тапсырма берген болатын.

Қазіргі таңда аталған тапсырма бойынша «ҚазАвтоЖол» мекемесімен келісе отырып, автодәліздің ауылға кірер тұсында тегістеу, қоршау орнату жұмыстары басталған.

Сапар барысында аудан басшысы округті сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін жобаның 4, 5 кезең құрылыс алаңын аралап, құрылыс жұмыстарынан белгіленген мерзімінен кешіктірген мердігерлерге ескерту беріп, айыппұл салуды қатаң ескертті.

Әрі желтоқсан айының соңына дейін аталған нысандарды толық аяқтап, су жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, электр жүйесімен қамтудың 5 кезең құрылыс жұмысын тексеру барысында аудан басшысы мердігер мекеме басшысымен ауылды жарықтандыру бойынша пікірлесті. Мердігер мекеме басшысы аудан әкіміне электр желілерін тартып, трансформатор құрылғыларын орнату арқылы 2023 жылдың соңына дейін ауыл халқын кезең-кезеңімен қуатты электр энергиясымен қамтамасыз ететіндігін жеткізді.

Мұнан соң аудан басшысы ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2, 3 кезең құрылыс жұмыстарын тексеріп шықты.

Мердігерлерге аталған нысандағы кемшіліктерді ретке келтіріп, ай соңына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтауды міндеттеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы Шұбарсудағы жеке аәсіпкер тарапынан салынып жатқан «Sea bilim» мектебінің құрылыс жұмыстарын аралап шықты.

ПІКІР ЖАЗУ