Отырар: ауданда тағыда бір елді мекен табиғи газға қосылды

Бүгін аудандағы тағы да бір елді-мекен табиғи газға қосылды. Отырар ауыл округіне қарасты Арыс ауылы тұрғындарының қуанышын еселеген тарихи сәтке аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов арнайы барып қатысып, көпшіліктің қуанышымен ортақтасып қайтты.

Мердігер компанияның басшылары, жауапты сала мамандары қатысқан шарада ауыл ақсақалдары игі жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ баталарын берді.

Бұған дейін Қарғалы ауылының тұрғындарына көгілдір отын пайдалануға беріліп, тарихи сәтке Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысқан болатын. Бүгін ел игілігіне арналған жұмыстар жалғасын тауып, халықтың қуанышы еселенуде.

Шара барысында аудан басшысы ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан жеке тұрғын үйлерге газ құбырларын монтаждау жұмыстарын жүргізу туралы түсіндірме жұмыстары жалғасын тауып, ішкі монтаждау жұмыстарын одан әрі жандандыру керектігін атап өтті.

Ол өз сөзінде: «Бүгінгі ауыл тұрғындары асыға күткен сәтті пайдалана отырып, ел игілігіне жасалған бастамалар жалғасын таба берсін, халқымыз көгілдір отынның игілігін көре берсін дегім келеді. Жалпы ауданымызда ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Жол жөндеу, ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге газ құбырларын монтаждау жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілету керек. Баршаңызға тағы да құттықтай отырып, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін»,-деді.

Сондай-ақ кездесу барысында аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов тұрғындарды қуанышты сәтімен құттықтап, аудандағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүйелі іске асып келе жатқанын айта келе, газ жүйлерінің құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуы бақылауда болатынын жеткізді.

Шарада ардагер Жаңабай Сатыбалды ел игілігі жолында қызмет етіп жатқан ел ағаларына алғысын айтып, ақ батасын берсе, Арыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбек көгілдір отынды тұтатып, ауыл тұрғындары рахатын көре берсін деген тілегін жеткізді.

Айта кету керек, Арыс елді мекенін газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме – «Zhanakurylys.kz» ЖШС. Ұзындығы 34 шақырым болатын газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Абонент саны – 720-ны құрайды. Жалпы ауданда 2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ беру көзделген. Аталған жұмыстар толық іске асқан жағдайда жалпы 16223 халық қосымша көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді.

Мұнан бөлек, Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 ауыл тұрғыны табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайтын болады деп күтілуде.

ПІКІР ЖАЗУ