Түркістан: Сауранда кіші футболдан республикалық турнир басталды
Сауран ауданында «Рухани төрім – Түркістан» жобасы аясында «Спорт – өмір серігі» атты кіші футболдан республикалық турнир басталды. Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай басталған шара
аудан-қалалық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері арасында өтіп жатыр. Жарыстың ашылуына Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
– Ауданға қарасты ауылдық округтер мен қатар, басқа да аудан, қалалардан көптеген командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетуде. Республикалық деңгейде өткізіліп жатқан мұндай спорттық шаралардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда пайдасы көп. Еліміздің байрағын көкте желбіретіп, абыройын асқақтатуда Сауран ауданының спортшыларының да елеулі үлесі бар. Сондықтан бүгінгі спорттық шараға қатысқан барша командаларға сәттілік. Тек мықтылардың жеңіс тұғырынан көруіне тілектеспін, – деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Айта кетейік, республикалық кіші футбол жарысында жалпы 15 команда өзара бақ сынасуда.