Келес: екі миллион қаралым жинаған тиктокер мұғалім ауыл мектебінде сабақ береді

Түркістан облысы, Келес ауданының Алпамыс батыр ауылық округіндегі №18 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Темиртаева сабақ барысында әлеуметтік желілерді белсене қолданады. Қазіргі таңда  TikTok желісінде екі миллион қаралымы бар  мұғалімнің 13 жылдық еңбек өтілі бар.

– Мен осы мектепте 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Сабақ барысында оқушылардың сабаққа, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру үшін TikTok желісінде әртүрлі вайндар түсіремін. Бұл балалармен бір толқында болуыма, тіл табысуыма көп пайдасын тигізіп отыр. Менің миссиям оқушыларға шабыт бере отырып, шығармашылыққа баулу және қуаныш сыйлау. Балаларға кері әсер ететін зиянды контент түсірмеймін, – дейді Айгүл апай.

Айгүл Темиртаеваның оқушылары аудандық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтсақ, 2022 жылы Айдана Шағдарбек пәндік олимпиададан жүлделі II орын, 2023 жылы «Зерде» ғылыми жоба байқауынан Балнұр Байсаринова жүлделі II орынды алды. Сонымен қатар мектеп мұғалімінің оқушылары еліміздік үздік жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәні мұғалімдігі мамандығында білім алуда. 

ПІКІР ЖАЗУ