Түркістан: Қазығұртта «Алтын күз – 2023» мерекесі өтті
Бүгін Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2023» мерекесі өтті. Айтулы мерекеге қатысқан аудан әкімі Азизхан Исмаилов сөз алып, бірқатар аталған сала мамандарын марапаттады.
Биыл аудан бойынша 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 43,9 мың гектар жерге астық дақылы егіліп, жалпы 97 мың тонна астық жиналған. Ауданның ауыл шаруашылығы өнім көлемі 53,4 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ, жеміс-жидек, көкөніс өсіру, жылыжайлар көлемін арттыру бағытында да елеулі жұмыстар атқарылған.
Бұдан бөлек, ауданда мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Бұл саладағы арнайы мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудан малшылары мал тұқымын асылдандыру, төлін көбейту және өнімділігін арттыруда жоғары жетістікке жетуде. Биылғы жылы облыс орталығында өткен «Алтын күз» мерекесінің қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданы «Агроөнеркәсіп кешенінің көрсеткіштерін орындаудан және инвестиция тартудан» озат ауданы атанған болатын.