Жетісай: Серік Үсенұлы жеке қабылдау өткізді
Жетісай ауданының үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есен Алданиязов, дербес бөлім басшылары мен қала, ауылдық округ әкімдері, тиісті сала мамандары қатысты. Базынасын айтып келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу және оның кезегі, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу секілді мәселелер болды.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған атаулы әлеуметтік көмек алу өтініштері бойынша заң аясында кеңестер беріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды. Тұрғын үй алу және оның кезегі заңға сәйкес жылжып, кезегімен берілетіні түсіндірілді. Жұмысқа орналасу үшін Жетісай аудандық «Мансап» орталығының кіші ақпараттық жүйесіне жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмыссыздық мәртебесін алғаннан соң бос жұмыс орындарына жолдануға мүмкіндік бар екендігін айтты.
Сонымен қатар, Серік Үсенұлы жауапты сала мамандарына арнайы тапсырмалар беріп, тұрғындардың өтініштерін мүмкіндігінше қанағаттандыруды тапсырды.
Жеке қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелері белгіленген уақыт шеңберінде оң шешім табатындығына сенім білдірді.