Жетісай: театр тарландары Түркиялықтарды тәнті етті

Бүгінде көптеген адамдардың театрдан гөрі кинематографияны ұнататыны жасырын емес. Өйткені, кинода монтаж өнім ұсынушының қалауынша монтаждалып, компьютер тілімен айтқанда түрлі эффектілер жасау арқылы көрерменді өзіне тартуға әрекет жасайды. Десек те, кино мен театрдың үлкен айырмашылығы бар, ол – театрлық қойылымды сіз ешбір монтажсыз шынайы қалыпта өзіңіз көресіз және нағыз таланттың өнеріне баға бере аласыз, ал, киноны сізге өзге біреу көрсетеді. Міне, басты айырмашылық та осында.

Кезінде Жүсіпбек Аймауытов «… театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген. Театр сахнасынан әрбіріміздің өмірімізде жиі кездесетін ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат, бас пайдадасын ғана ойлайтын «менмендік» секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көруге болады. Зұлымдықтарды сынай отырып, адамдарға ізгілік пен имандылық жолына баға да бере аласыз.

Сонау іргетасы қаланған күннен бастап Мырзашөл топырағында өзіндік аудиториясын қалыптастырып, көрермендеріне тек қана сапалы дүниелерді ұсынып келе жатқан Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы жуырда ғана Түркия елінің астанасы Анкара қаласында өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп қайтты.

Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы мен «ТҮРКСОЙ» ұйымының 30 жылдығы, Жетісай драма театрының 55 жылдығы, Түркістан облысының 5 жылдығы аясында ұйымдастырылған шарада Кескіндеме және мүсін мұражайы ғимаратының тарихи «Түрік ошағы» залында жетісайлық театр тарландары қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады.

Көкту қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен қойылымды тамашауға «ТҮРКСОЙ» ұйымы Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, «Кечиөрен» муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері, қазақ мәдениетін жанына жақын сезінетін түрік ағайындар, қазақстандық студенттер мен қандастар келді.

Сондай-ақ, гастрольдік іс-сапар барысында театр ұжымы Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиевпен, «ТҮРКСОЙ» ұйымы Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуфпен ресми кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарын жайын сөз етті.

ПІКІР ЖАЗУ