Түлкібас: вице-министр аудандағы ағын суға қатысты өзекті мәселелермен танысты

Бүгін ауданымызға Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Мақсұтханұлы Ибрайханов арнайы іс-сапармен келіп, соңғы жылдары аймақта ең өзекті мәселенің біріне айналған ағын су келетін каналдардың бүгінгі жағдайын бақылады.

Жабағылы ауылдық округінен бастау алатын «Құли» каналының басында Ерболат Мақсұтханұлын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н. Бадырақов, «ҚазСуШар» мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Қ.Бедебаев пен Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары М.Жанесен күтіп алып, түйіні шешілмей тұрған мәселемен таныстырды.

Жанесен Марат Сүгірәліұлы соңғы жылдары аудан тұрғындары тарапынан көптеп көтерілген ағын су тапшылығына қатысты мәселені егжей-тегжейлі жеткізді.

Атап айтсақ, 2019 жылдан бастап аудан аумағындағы 13 су нысаның темір-бетонмен қаптау жұмыстарын іске асырып жатқан мердігер «ВИК» ЖШС-нің салғырттығынан шаруа қожалықтары зардап шегіп жатқанын айтып, осы бағытта жұмысты жылдамдатуға ықпал жасауын сұранды. Сонымен қатар, аталған мердігер құрылыс жұмыстарын шаруа қожалықтарының ыңғайына қарай жүргізсе деген ұсынысын жеткізді. Яғни, көктем мезгілінде егін егіп, суғаратын маусымда арналардан су жүруіне кедергі келмейтіндей жағын ескеруді сұранды. Өткен жылы осы мәселе көптеген шаруаларға қол байлау болып, өнімдерінің өте аз болуына септігін тигізгендігін атап өтті.

Вице-министр бірінші кезекте аудан тұрғындарының өтінішіне қолдау болатындығын айтып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілетіндігін ескертіп, мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданының аумағында 125,3 шқ құрайтын 13 су нысанының құрылысы аяқталмай тұр. Яғни, бетондау жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Аталған су нысандарының құрылыс жұмыстары толық аяқталған жағдайда аудан аумағында 7800 га суғармалы жер қайта айналымға қосылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда құрылыс заттар бағасының қымбаттауына байланысты қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынуда. Бұл жұмыстар желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Тиісті құжаттар рәсімделгеннен соң, құрылыс жұмыстары әрі қарай жалғасын таппақ.

ПІКІР ЖАЗУ