Түркістан облысында мектеп тапшылығын жоюға кәсіпкерлер де атсалысады
Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда облыс бойынша мектеп саны – 1029. Оның ішінде 908-і мемлекеттік болса, 121 жекеменшік мектеп бар. Білім ұяларында 519 904 оқушы білім алуда, оның ішінде жекеменшік мектепте 31 978 оқушы бар.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тарту мәселесі талқыланды. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
– Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде көш басында. Яғни жаңа мектептерге қажеттілік мәселесі жыл сайын туындауы заңдылық. Еліміз бойынша 2021-2025 жылдар аралығында салынып жатқан мектептердің төрттен бір бөлігі – Түркістан облысына тиесілі. Төрт жылда өңірде 199 мектеп бой көтереді. Жалпы білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де қолға алынған. Яғни, кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие бола алады. Кәсіпкерлерді осы игі іске шақырамын. Ең құнды инвестиция – білімге салынған инвестиция. Ол түбінде ақталады. Өңірде мектеп тапшылығы аумақтар зерделеніп жатыр. Сіздерге ұсынылады. Кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді Бейсен Тәжібаев.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов жекеменшік мектептерде оқушыларды жан басына қаржыландыру жүйесі, мемлекеттік қолдау туралы баяндады.
Түкістан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Азамат Таңгатаров мектеп санына қатысты деректерге тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі мемлекеттік 728 мектептің ғимараты типтік болса, 180 мектептің ғимараты ыңғайластырылған. 2023 жылдың өзінде өңірімізде 28 жекеменшік мектеп ашылып, пайдалауға берілді. 2023-2025 жылдар аралығында облыста 96 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізіледі.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітіліп, жаңа мектеп салу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі.
2024-2026 жылдар аралығында облыс бойынша 6512 оқушы орнының тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 23 мектеп салу қажет.
Жиында 100 – 300 орындық мектептер салу мәселесін жекеменшік инвесторлар есебінен және мемлекеттік-жекешілік әріптестік механизмі арқылы іске асыру ұсынылды. Мемлекет тарапынан жекеменшік мектеп салатын инвесторлар оқушылар санына қарай қаржыландырылады.
Кәсіпкерлер де өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Жан-жақты саралап, әріптестік орнататындарын жеткізді