Түркістан: Жетісай драма театры Түркия астанасында өнер көрсетті

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы Түркия астанасы Анкарада көрерменнің көңілінен шықты. Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы және  ТҮРКСОЙ ұйымының да 30 жылдығы, Жетісай драма театрының  55 жылдығы, Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аясында Кескіндеме және мүсін мұражайы ғимаратында тарихи «Түрік ошағы» залында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады.

Көкту қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен қойылымды тамашауға ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері, қазақ мәдениетін жанына жақын сезінетін түрік ағайындар,  қазақстандық студенттер мен қандастар келді.

Жетісай театрының әртістері қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов жазған осы  пьесадағы қазақ халқының бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қалжыңын, мінезін барынша мол бояуымен беріп, түркиялық театр сүйер қауымға жеткізе білді. Әсіресе қазақ театр ұжымының сахна беземесі, актерлердің костюмдері, сахнаны қолдану ерекшеліктері тәнті қылды.

Сахнада Жарас рөлін Қазыбек Әуелбек сомдады. Айман мен Шолпанды ойнаған Балжан Тағандұрды мен Райхан Әжібек сынды қос сұлудың ақылын да, ажарын да, орынды әзілін де, әнін де жеткізуге тырысты. Сонымен қатар Маман байды Болат Баймағанбетов, Көтібар образын Бақытжан Қаппаров, Теңгені Бақтыгүл Қалдарбекова, Әлібек пен Арыстан образдарын  да Абылайхан Қыдыралиев пен Өмірзақ Айдаров сомдады.

Айта кетейік, іссапар аясында ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуфпен кездесті. Театр әртістері ұйым атынан арнайы алғыс хат табыстады. Шығармашылық топ Анкара сапары шеңберінде Түркияның бас қаласының тарихи және мәдени орындарын аралады.

ПІКІР ЖАЗУ