Түлкібас: Машаттық кәсіпкер өрнектас өрудің шебері

Бүгінде жұмыссыз, қол қусырып қарап отырған жанды көп кездестірмейміз.Күнделікті тірлік үшін шауып, шаруа қуған бір адам. Әйтеуір бәрінің мақсаты – отбасы қамы. Біздің кейіпкеріміздің бастаған кәсібі осы сөзімізге дәлел. Машат ауылының тұрғыны Бақытжан Дүйсембеков 2021-2025 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде Ұлттық жобасы негізінде «Мемлекеттік қайтарымсыз грантын» ұтып алып, жеке кәсібін бастады. Былайша айтқанда екінің бірі меңгермейтін ауылда жоқ кәсіптің көзін ашты. Бақытжан ағамен хабарласып, әңгімелескен едік.

Мемлекеттік қайтарымсыз 1млн 138 мың  теңге грант жеңіп алып, туған ауылында өрнектас (брусчатка) өндіру жұмыстарын қолға алды. «Сүйікті іс шаршатпайды» демекші жас кәсіпкер Бақытжан Дүйсембековтың бизнеспен айналысқанына көп болған жоқ. Ол өз кәсібін 2023 жылдың маусым айында бастаған. Соған қарамастан, қазір тұрақты және табысты істі дөңгелетіп отыр.

Әрине жұмыстың оңайы жоқ екені белгілі. Бұл ретте, Бақытжанның түсіндіруінше, полифасад өнімін жасаудың да өзіндік машақаты жетеді. Бетон араластырғышқа құйылған суға тазаланып, жуылған ең ұсақ қиыршық тасты (шебень) салып араластырады. Оның үстіне қажетті мөлшерде М-500 маркалы цемент және талшықты фибро қосылады. Әбден араластырған соң ерітіндіні қалыпқа құйғанда арасына арнайы сым темір салынады. Ерітінді құйылған қалыптар ағаш поддондарға салынып, вибростолға қойылады. Вибростолды іске қосқанда ол дірілдеп ерітіндідегі артық ауаларды шығарып, нығыздалып қатаяды.  Әр қалыпқа шамамен 10 келідей ерітінді кетеді. Дайын өнімді бөлмесіне апарып 24 сағат кептіреді. Міне, осындай процестерден кейін полифасад өнімі дайын болады. Өнім дайын болған соң 40 литр суға 10 литр тұз қышқылын  қосып, қалыптар тазаланып, жуылады. Бүгінде сапалы дайындалатын бұл өнім – қасбетті өндеу мен әрлеуде таптырмас дүние. Өрнектасты дайындау жүйесі полифасадпен бірдей десе де болады. Онда тек, цементпен бірге қиыршық құм (ПГС) қосылады. Шикізатты кәсіпкердің өзі Шымкент қаласынан әкеледі. Күніне 60-100 шаршы метр өрнектас шығарылады. Ал өнімнің бағасы  2400-3000 теңгеден сатылады. Тұрғылықты үйлерден тапсырыстар түсіп жатыр.

«Алдағы уақытта тоқтап қалмай кәсібімізді кеңейту мақсатында цех салуды жоспарлап отырмыз. Фибра, бетон, фасад өнімдерін іске қосуды да. Жалпы ниеттенген жанға жасайтын жұмыс жетеді. Ізденіп, қызығушылық танытқандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Ертең мұндай мүмкіндік болмай қалуы ықтимал. Сондықтан, ертеңгі күні «қап» деп өкініп қалмас үшін тәуекелді серік етіп, әркім қабілетіне қарай кәсіп ашып алғандары дұрыс. Қалай болған да жұмыс жоқ деп жатып алмай, ерінбей еңбек еткен жөн. Табыстың кілті табанды еңбекте екендігін естен шығармайық»,-дейді жас кәсіпкер.

Сүйікті жан жары, төрт тәп-тәтті балапандары бар кәсіпкердің  еңбекқорлығына риза болдық. Расыменде, мемлекеттен қолдау болып тұрғанда жұмыссыз адамдардың кәсібінен нәсіп көруге зор мүмкіндік. Қолдағы қаржыны пайдаға жаратып, кәсіп ашу үлкен еңбек. Бақытжан секілді шаруаның басын қайырған азаматқа тұтынушыларыңыз көп болсын дейміз. Енді қалаға сенделмей, ауылда отырып-ақ өрнектасқа тапсырыс бере аласыз. 

ПІКІР ЖАЗУ