ШЫМКЕНТ: №3 знергоорталықта дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ведомстволық ұйымдары бар басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің және коммуналдық қызметтер ұсынушы ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жылыту маусымына дайындық мәселесін талқылады.

Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б. Болатбеков берген ақпарға сәйкес, 28 шілдедегі ахуал бойынша, қаланың негізгі жылу беретін кәсіпорны – №3 знергоорталықта дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Резервтік сұйық отын қоры 98 пайызға дайындалған.

Жиынға қатысқан кәсіпорын өкілі жоспарланған жұмыстарды атқаруға қосымша жұмысшылар тартылғанын, құбырлар толығымен алынып, жеткізілгенін атап өтіп, барлық жұмыстар қыркүйек айының басында аяқталады деп мәлімдеді.

Қаладағы 419 шақырымнан асатын жылу жүйелері қысымдаудан өткізіліп, орын алған техникалық ақауларды қалпына келтіру жұмыстары жоспарлы мерзім ішінде атқарылуда. Сала мамандары жылу қазандықтары мен сорғы станцияларының барлығы бір ай мерзім ішінде толық дайындықта болады деп есеп берді.

Қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарының есебін алып, дайындық жұмыстарының көрсеткіштерін арттыру жөнінде талап қойды. Метрологялық болжамдарға сәйкес, биылғы қыс аязды болатынын ескерткен қала басшысы, дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес мерзімдерінде әрі сапалы орындалуы тиіс деді.

Бұл бағытта аудан әкімдері пәтер иелерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, жауапты құрылымдар магистралды жүйелерге ғана қарайтынын, ішкі жүйелерді қысымдаудан өткізуде тұрғындар өздері мамандар көмегіне жүгінулері тиіс екені айтылды. Бұл талаптан пәтер жалдап тұратын отбасылар мүлде бейхабар болуы мүмкін екенін атап көрсетіп, халыққа ақпарат беруде жүйелі жұмыстар жүргізуге кеңес берді.

Биылғы жылы бірқатар шағын аудандар мен тұрғын алаптарда ішкі орамдық газ жүйелері жүргізілгенін, газ тарату станциясының құрылысы аяқталып жатқанын еске салып, оларды газ таратушы ұйымдардың қызмет көрсету тізіміне жылыту маусымы басталғанға дейінгі мерзім ішінде жедел енгізуді тапсырды.

Қатты отын тасымалдау бойынша өндіріс орындарынан тиісті құжаттарды алдыртып, қала қажеттілігін толық қамту кепілдемесін бақылауды ұстауды жүктеді.

Жиынды қорытындылаған қала басшысы жылу маусымына дайындық мәселесі тұрақты бақылауда болатынын және бұл мәселе алдағы жиындарда міндетті түрде қаралатынын айтып, дайындық жұмыстарына қадағалауды күшейту жөнінде талап қойды.

ПІКІР ЖАЗУ