Сауран: облыстық “Білім бәйге” интелектуалдық сайысы өтті
Жастардың танымдық қабілетін арттырып, интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын оятып, білім деңгейлерін көтеру мақсатында облыстық деңгейдегі «БІЛІМ БӘЙГЕ» сайысы ұйымдастырылды. Білімділік пен шапшаңдықты талап ететін кіл жүйріктердің додасын аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ жоғары деңгейде өткізді. Интеллектуалды сайыстың салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Бұл интеллектуалды сайыс ауданымызды жаңа бағытпен өркендету жолына септігін тигізуде. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндіктер жасауда. Қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алуда. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын, – деді әкім.
Білімді жастарының басын қосқан сайысқа “AMANAT” партиясы Сауран аудандың филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, Сауран ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Абылайқызы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы қатысып, әділ қазылық жасады.
Сайыс 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар салт-дәстүр, өнер және жалпылама сұрақтар бойынша сынға түсті. Облыстық деңгейде өткізілген білім жарысына Түркістан, Арыс қалалары мен Отырар, Сауран аудандарынан 14 құрама қатысты. Әр кезең бойынша жауап беруге 1 минут уақыт берілді.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Сауран ауданының “Жібек жолы” командасы иеленді. Ал, екінші орынға Түркістан қаласының «The best leader» командасы тұрақтады. Бірінші орынды Арыс қаласының «Арыс арулары» командасына бұйырды. Барлық командаларға аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталды.