Келес: Ақжол ауылының ішкі көшелері толығымен жөндеуден өтеді

Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округінің орталығы Ақжол ауылының ішкі көшелері толығымен асфальтталады. Бүгінгі таңда 12 көшенің 8 көшесін орта жөндеуден өткізу шаралары атқарылуда. Нысан келесі жылға өтпелі болып, қалған төрт көшенің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.

– Ақжол елді мекенінің ішкі көшелерін орта жөндеуден өткізу жұмыстары «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Қазіргі таңда жеңімпаз мердігерлер Ақжол ауылындағы ішкі көшелерде, атап айтқанда Мерей, Жеңіс, Ш.Қалдаяқов, Жастар, Бейбітшілік, О.Жандосов көшелерінде құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер заң талаптарына сәйкес ауыл тұрғындарына жалға берілді, – деді өз сөзінде аудан әкімі.

Алпамыс батыр ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер бүгінде өз шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, Ақжол елді мекеніндегі спорт алаңшасының құрылысы жүргізіліп, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауылдық округінің орталығындағы Абай көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, гүлзарға қосымша орындықтар орнатылды.

Ал, Қауыншы елді мекеніндегі Б.Майлин көшесіндегі жарықтандыру шамдары ағымдағы жылдың мамыр айында толығымен жаңа шамдарға ауыстырылды. Аталған ауылдың  Қажымұқан тас шағал төселсе,  Т.Тәжібаев көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.

Алдағы уақытта Ақжол елді мекеніндегі Жаңақұрылыс, Жастар, Қазақстан көшелері және Қауыншы елді мекеніндегі Қажымұқан, Мұсабек батыр, Көктің ұлы көшелері сапалы электр желісімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Ақжол елді мекенінде орналасқан шекара бекетінің бұрынғы ғимаратына қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

ПІКІР ЖАЗУ