Түркістан: Е.Нұрмаханов аудан орталығының тұрғындарымен кездесті

Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов жастар сарайында Шаян ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ағымдағы жылы өткен есепті жиындарда орталықтағы маңызды көтерілген мәселелердің бүгінгі күнге нақты орындалуы мен арнайы жоспар жасалып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысынан хабардар етілді.

Есептік жиында ардагерлер орталығын ашу, бірқатар көшелердегі электр энергиясының қуатын көтеру, жайылымдық жер, көше жарығын орнату, ұялы байланыс пен интернет желісі жылдамдығының төмендігі, жаңадан асфальт төселіп жатқан көшелердің сапасын тексерту, орталықтағы басқа да көшелердің асфальтын жаңарту және өзге де мәселелер қозғалды. Тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті мекеме басшылары және ауыл әкімі жауаптарын берді. Әзірленген жобалар негізінде келесі жылдың бюджетіне ұсынылып, атқарылатын жұмыстардың барысы айтылып өтілді.

– Бүгін ауданның басшысы ретінде өздеріңізбен алғашқы рет кездесіп отырмын. Шаян орталық ретінде ауданның айнасы. Ол барлық жағынан дамып, тазалығымен, реттілігімен  келген қонақтардан ұялмайтындай болу керек. Бірқатар жобаларым бар. Алда оның да куәсі боласыздар. Бүгінгі ұсыныстарыңызды ескере отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз. Әрбір тұрғынның көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді Ерлан Нұрмаханов.

Шаяндық тұрғындар Ерлан Нұрмахановтың жұмысына сәттілік тілеп, аудан экономикасы мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға, ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға, инвестиция тарту бағытына басымдық беруге,  экотуризмді дамыту, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу бағыттарындағы жұмыстарды жасауға сенім білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ