Арыста бокстан республикалық ашық турнир басталды

Арыс қаласында Кеңес Одағының спорт шебері атанған Нұржан Қосмамбетовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге Нұржан Қосмамбетовтің әкесі Төлебек Қосмамбетов, және елге танымал боксшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған спорт сайысына 2008-2009 жылдары туған 192  жасөспірім қатысуда. Олар 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Бес күнге жалғасатын жарыста облыс аудандарынан бөлек, Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл және Абай облысының спортшылары күш сынасады.

Байрақты бәсеке, 14-19 қараша аралығында, Стадион тұрғын ауданындағы Спорт кешенінде өтуде. Кіру тегін.

Айта кетейік, бокстан КСРО спорт шебері атанған Нұржан Төлебекұлы Арыс қаласында өмірге келіп, қаладағы №11 Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік бітірген. Спортқа деген құштарлығын дамыта түсу үшін ол Шымкент қаласындағы дене тәрбиесі және физкультура институтына түсіп, шеберлігін шыңдап, бокс саласында тамаша жетістіктерге жетті.

Облыстық, республикалық, одақтық, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған ол өзінің спорттағы жетістіктерімен ел-жұртына қуаныш сыйлап, соңынан ерген іні-қарындастарының жігерін жанып, рухын шыңдай білді. Тіпті, Арыс қаласындағы бокс мектебінің кең қанат жайып, өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан.

ПІКІР ЖАЗУ