Бәйдібек: Ағыбеттік тұрғындардың алаңдатқан мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың есепті кездесуі Ағыбет ауылдық округінен басталды.

Жиында  бірінші кезекте аудан әкімінің аппарат басшысы Алмасбек Нақыпбеков бұған дейінгі кездесулерде тұрғындардың айтылған ұсыныстарының нәтижесі бойынша  орындалуы мен бақылауға алынып, атқарылып жатқан жұмыстардың  барысымен таныстырды.

Ағыбет ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкіміне округке қарасты төрт елді мекеннің тұрғындары өздерінің талаптары мен ұсыныстарын жеткізді. Олардың ішінде көпірді жөндеу, жер, электр бағаналарын ауыстыру, ауыз су, ішкі көшелерге тас төсеу, мәдениет үйі мен футбол алаңшаларын салу және басқа да әлеуметтік  мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға сала бойынша аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары, ауыл әкімі тарапынан жауаптар берілді.

– Жыл басында бекітілген кестеге сәйкес, бүгін арнайы өздеріңізбен кездесіп отырмын. Сіздердің бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңіз назарға алынды. Хаттамаға енгізіліп, зерделеуді қажет ететін бірқатар мәселелерді анықтап, орындау жөнінде жауапты басшыларға тапсырма бердім. Көтерілген мәселелерді шешуге күш салып,  әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді Ерлан Нұрмаханов.

Ағыбеттік тұрғындар жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

ПІКІР ЖАЗУ