Созақ: Таукент кентінің 40 жылдық мерейтойы тойланды
Бүгін алуан мәдениет пен руханияттың нәрлі ошағына айналып, сыр мен жырға толы Созақ ауданының 95 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп жеткен Таукент кентінің 40 жылдық мерейтойы өтіп, ән думанға оранды. Кеш шымылдағы Таукент кентінің құрылған сәтінен бастап, бүгінге дейінгі жетістіктерін баяндайтын арнайы бейнероликпен түрілді. Мерейтойға арнайы қатысқан аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков кент тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
-Өзіндік қалыптасқан тарихы бар Таукент кенті 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүгінгі таңда қойнауы қазынаға толы, қасиетті Қаратаудың баурайында орналасқан Таукент кенті өсіп-өркендеп, бірлік пен берекенің символына айналды. Үздіксіз дамудың даңғыл жолына түсіп, барша жұртшылыққа мақтана көрсетер жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда көптеген әлеуметтік нысандар салынды, жаңа мектеп, балабақша, тақтайдай тегіс жолдар мен көше жарықшамдары орнатылды. Жергілікті бюджеттен бөлек, демеушілер есебінен көптеген жобалар іске асып келеді. Соңғы бір жылдың ішінде спорт алаңшалары, балалар ойын алаңшасы мен аллеялар ашылып, халық игілігіне берілді. Міне, мұның бәрі егемендік алғалы халық игілігіне берілген дүниелер. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар үздіксіз жалғасын тауып, түрлі жобарларды осындағы сіздермен ақылдасып атақаратын боламыз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен кентің ардагерлер кеңесі төрағасы Төленбек Айнекбаев, Таукент кентінің әділ биі «Қырқыншы күз» кітабының авторы Суханберді Шарафудинов кент тұрғындарына деген ыстық ықыласын білдірді.
Кенттің бүгінге дейінгі жеткен жетістіктеріне қолдау блдіріп, ауданымыздың орнықты дамуы мен халық арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімі мен аудандық мәслихат аппаратының арнайы алғыс хаттарымен марапатталып, «Қырқыншы күз» кітабының тұсауы кесілді.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары әсем ән орындап, мерекенің ажарын аша түсті. Сондай-ақ 35 жастан асқан спорт ардагерлері кіші футболдан, еңбек ардагерлері волейболдан өзара сынға түсті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталады. Дүбірлі дода көкпар ұйымдастырылып, ұлттық спорт ұлықталды.