«RAIYMBEK» І республикалық театр фестивалінің алғашқы күні қорытындыланды

Түркістанда Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен бастау алған «RAIYMBEK» I Республикалық театр фестивалінің алғашқы күні өз мәресіне жетті.

Таңертең фестивальдің ашылу салтанатында құрметті қонақтар мен қатысушы театрлар қызыл кілемнен жүріп өтті. Содан соң тау тұлға жайлы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты ашылуына арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қиын-қыстау кезеңде киелі мекеннен театр негізін қалаған Райымбек Сейтметовтың ерен еңбегін, мұндай өнер мерекесінің туған жерінде ұйымдастырулы заңдылық екенін атап өтті. Сонымен қатар Райымбек Сейтметовтің және Қадыр Мырза Әлінің жарына құрмет көрсетілді.

Әрі қарай фестиваль шымылдығын Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры «Отелло» трагедиялық шығармасымен түрілді. Содан соң Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының сахнасында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының «Әумесерлер» комедиясы, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры сахнасында Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Ақ ләйлек» психологиялық драмасы сахналанды.

Бекітілген кестеге сәйкес қатысушы театрлар бақ сынайды. Оларға Темірбек Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен  теориясы» кафедрасының профессоры, өнертану докторы, қазылар алқасының төрайымы  Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Сейтметов Азат Райымбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сраилов Бахыт Бекмурзаұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің  деканы, өнертану кандидаты, профессор Жақсылықова Меруерт Болатханқызы, Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері Сейітмамытов Балтабай Сейітмамытұлы төрелік етіп жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ