Келестегі мектеп кітапханасында көне кітап сақтаулы тұр

Келес ауданына қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан басып шығарылған Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалар жинағы сақталған. Бұл мектеп кітапханасындағы көне әрі құнды кітаптардың бірі болып табылады. Мектеп кітапханашысы Гүлмира Турысбекованың айтуынша мұндай кітаптарға оқырмандар тарапынан сұраныс көп екен.

– Мектебіміздің кітапханасында жалпы 15 351 кітап бар, оқулық саны 14 456, әдістемелік кітаптар 177,   анықтамалық кітаптар 56, сөздіктер 29, электронды оқулықтар 239, әдеби кітаптар 394 дананы құрайды. Соның ішінде ең көне кітап 1957 жылғы Абай Құнанбаевтың  шығармалар жинағының 1-томы қолданысқа ие болып тұр. Кітап мектеп кітапханасында 66 жылдан бері сақтаулы. Мұндай жәдігерлерді біз көздің қарашығындай сақтаймыз,-дейді Гүлмира Турысбекова.

Айта кету керек мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулу мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылып жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ