Арыс: дерменеліктер «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отыр

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала жұртымен кездесуден соң, Дермене ауылына қарасты Қаражантақ елді мекеніне барды. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер және олардың шешу жолдарын тұрғындармен бірлесіп талқылады.

Дермене ауыл округіне қарасты елді мекендерге жол салу биыл да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, округ орталығында Өркенді көшесіне асфальт төсеп, аяқжол салу және жарықшамдар қою жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Орманды елді мекенінің Думан, Қайнар көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, жолдар ретке келтірілді. 

Қала басшысы Гүлжан Құрманбекова мәдениет пен спорт саласын дамыту күн тәртібінен түспейтінін айтты.

«Қаламызға қарасты барлық ауыл орталықтарында Мәдениет үйлері салынып жатыр. Дәл, осылай барлық округ орталықтарынан заманауи Спорт зал кешенін салуды қолға алдық. Биыл Қожатоғай ауылында бір спорт зал құрылысы басталып қойды. Алдағы уақытта Сіздердің де ауылдарыңыздан салуға ЖСҚ дайындап, ұсыныс енгіздік»,- деді қала басшысы.

Биыл дерменеліктер «Ауыл – аманаты» бағдарламасына қатысудан қала көлемінде көш бастап тұр. Шаһар басшысы, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, шаруашылығын дөңгелетіп отқан дерменеліктерге алғыс айтты.

Бағдарлама ауылдық елді-мекендерде мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дөңгелетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Ол үшін мемлекет бір жылдық каникулымен жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие ұсынады. Бұл бойынша дерменеліктер несие комитетіне 62 жоба ұсынып,  56 жобаға оң қорытынды алып, барлығы 330,0 млн. теңгеге қаржыландырылған.

Бұдан бөлек, қала әкімдігі елді мекендерде электр жүйелерін жаңарту мақсатында Теміржолшы, Қызылкөпір ауылдарын электрмен жабдықтау құрылысы жобаларын әзірлеп, облысқа қаржыға ұсыныс енгізілді.

Жиында, ауыл тұрғындары су, жарық, көшелерге жарықшам қою, сондай-ақ балабақша мен балалар ойын алаңшасын салу сынды мәселелерді шешіп беруді сұрады. Қала әкімі бюджет мүмкіндігіне қарай, әр мәселе зерделеніп тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кездесу соңы жеке қабылдауға ұласты.

ПІКІР ЖАЗУ