Келес: жер мәселесі заң шеңберінде шешіледі

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылады. Қабылдауға жазылған азаматтардың дені жер мәселесін көтеріп келсе, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар да өз өтінішін жеткізді. Аудан басшысы Жәнібек Есенұлы жер мәселесі заң шеңберінде терең зерделеніп шешілетінін айтты.

–  Жер мәселесі өте күрделі процесс. Бұл жұмысты ат үсті қарауға жол берілмейді. Өткен кезеңдерде жол берілген қателіктер бойынша түзету жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін тиісті мамандар мәселенің басына барып, өздеріңібен бірлесе қарайды. Өз кезегінде тұрғындар мен шаруалар да құжаттандыру жұмыстарына бейжай қарамай, заң нормаларына сәйкес жұмыс атқару талап етіледі, – деді аудан басшысы.

Қабылдауға жазылған тұрғындардың қатарында жұмысқа кіргізуді сұранған азаматтар да болды. Ол бойынша аудандық Мансап орталығы бойынша бос жұмыс орындарының тізбесі ұсынылып, көкейіндегі жұмысты табуға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жүзім егемін деген кәсіпкер жер телімін сұрады. Аудан басшысы заң талаптары негізінде кәсіпкердің сұранысы қанағаттандырылатынын жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ