Түркістан: «Жаңабазар ардагерлері» ұйымының 70 жылдығы атап өтілді

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы,  Жаңабазар ауыл округінде «Жаңабазар ардагерлері» ұйымының 70 жылдық мерейтойы салтанатты түрде өткізілді. Жиын барысында атаулы ұйымның тарихынан сыр шертетін көрме, ұлттық спорт ойындарының түрлерінен сайыстар, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Облыс, республика көлемінде танымал тұлғалар,  ел ағалары,  қадірлі қонақтар келіп, өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін арнады.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қазығұрттық ақсақалдардың өнегелі істеріне тоқталды.  «Жаңабазар ардагерлері»  ұйымының 70 жылдығына арналған  облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

Жаңабазарлық ардагерлердің өнегелі іс-әрекеттері, қоғам өміріндегі белсенділігі облыс, республика көлеміне кеңінен танылған. Олардың ел арасында ынтымақ, бірлікті сақтау, жастарға тәрбие беруде, отбасылық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі ерекше.

Ауылдың аға буынын берекелі істерге біріктірген қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық сусыны болатын. Бұл дәстүрді жергілікті жұрт «қымыз жиыны» деп атайды. Ауыл тұрғындарының бір үйде бас қосып, қымыз ішіп, өзара әңгіме-дүкен өткізетін үрдісі 1950 жылдан бері бар. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде бұл өңірде 60-тан астам ұсақ ұжымшар болған. Сол кезде алыс-жақын ауылдардан атпен Жаңабазар ауылына келіп, қымыз ішіп қайтатындар аз болмаған. Сусындаудың себебімен келгендер өзара әңгіме құрып, жаңалықтарымен бөлісіп, шаруа жайын ақылдасып отырған.

Тәуелсіздік жылдары жаңабазарлықтар бұл дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті. Жергілікті белсенділердің бастамасымен «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ауыл ақсақалдары бас болып, демеушілердің көмегімен елді мекен орталығынан әдемі ғимарат бой көтеріп, осында апта сайын бас қосу ұйымдастырылатын болды.

Ардагерлердің апта сайынғы басқосуы жұртты татулыққа үндеуге, адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын, ел ішіндегі дау-дамайды, тұрмыстық мәселелерді шешетін, бір-біріне қырын қарап жүрген екі жақты татуластыратын, ауылдың бірлігі мен бүтіндігін, берекесін сақтауға дәнекер болатын дәстүрлі жиынға айналды.

 

ПІКІР ЖАЗУ