Түркістан: Саурандықтар «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының қызметін пайдаланды

Осы жылдың 26 сәуірінен бастап ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен Самрұқ-Қазына және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Саламатты Қазақстан» ауқымды әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіби медиаторлар мен заңгерлер қосылған пойыз жұмысы Түркістан облысында бастау алды. Медициналық пойыз Сауран ауданы, Күншағыр станциясына 3 қараша түнгі 23.58-де келіп тоқтады.

Медициналық пойыз заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Медициналық пойыздар шалғайдағы станцияның тұрғындарына медициналық емхана, аурухана, кабинеттер жоқ, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік жоқ жерде медициналық көмек көрсетіледі. Күншағыр станциясынан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызын қарсы алуға Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Самат Тәңірбергенов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков, аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов және тиісті сала басшылары қатысты.

Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұқтаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Олар жалғызбасты, көп балалы аналар, мүгедек және ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, жұмыссыз жастар, мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, ажырасқандар және басқаларға медиация келісімін жасасуға және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін және шешу жолдарына көмек беріледі. Сауран ауданы бойынша 250-ге жуық азаматтар аталған медициналық қызметті алуға мүмкіндік алды. Аталмыш медициналық пойыз қызметі Сауран ауданында 5 қараша күні кешкі сағат 22.00-ге дейін жалғасып, Отырар ауданына жолға шықты.

Айта кетейік, әлеуметтік жоба арқылы білікті медицина мамандары, заңгер, психолог, медиаторлар

облыстардың шалғай станцияларында тұратын жағдайы қиын және әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға тиімді медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластық) көмек көрсетеді.

ПІКІР ЖАЗУ