Кентау: Жандос Тасов сел тасқыны болуы мүмкін аймақтарды аралады
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жауапты сала басшыларымен бірге қала және қалаға қарасты ауылдардағы жауын-шашыннан және қысқы қардан сел тасқыны орын алуы мүмкін деген аймақтарды аралып, атқарылып жатқан жұмыс барысын бақылады.
Ауыл әкімдеріне бұл бойынша алдын-ала тапсырма берілген. Арықтарды қоқыстардан тазартып, жарамсыз бөліктерін қалпына келтіру, суағар бөліктерге құбыр қажет жерлерді анықтау секілді.
Алайда, аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталған ауыл әкімдері қала әкімінен қатаң ескерту алды. Берілген тапсырмаға немқұрайлы қараған басшыларға шара көрілетінін ескертті. «Тілсіз жау ескертпейді. Кез-келген уақытта толассыз жаңбыр мен қалың қардан селдің орын алуы мүмкін. Біз соған төтенше жағдайдың алдын алу бойынша барынша шараларды қарастырып, дайын болуымыз қажет» деді Жандос Қалмырзаұлы.
Сондай-ақ қала басшысы ауыл әкімдеріне тұрғындарды да тарта отырып, әрбір үйдің маңайында су жүретін арықтарды қоқыстардан тазарту қажеттігін тапсырды.
Ауыл тұрғындарына тазалық сақтап, арықтардың жолын тазалап, олардың жолына күл-қоқыс төгуге болмайтынын түсіндіру керектігін атап өтті. Аталған мәселелерге тиянақты қарауды, үнемі назарда болатынын жауаптыларға ескертті.