Ордабасы: Арыс өзенінің арнасын бұру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зулпыхар Жолдасов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауданымыздың Шұбар, Қажымұхан, Қараспан ауылдық округі аумағынан өтетін Арыс өзені арнасын түзету жобасымен танысты.

Аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлдың жол бастауымен Зулпыхар Сансызбайұлы әуелі Қараспан ауылдық округіне қарасты Берген ауылындағы 0.5 шақырымды құрайтын жаңа өзен арнасының құрылыс алаңында болды.

Қараспан ауылындағы өзен жағасына іргелес қоныстанған 12 тұрғын үй, қоражайды су шайып кетсе, тағы 2 елді мекеннен өтетін 1.4 шақырым өзен арнасын су алып кету қаупі бар.

Сапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қажымұхан ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылындағы өзен арнасын да аралап көрді.

Аталған аумақтың 5 шақырымында 12 гектар жерді су шайып кеткен.

Қауіптің алдын алу үшін аталған ауыл округі аймағында 5.5 шақырым өзен арнасын түзету және дамбы көтеру жұмыстары жоспарланған.

Мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Арыс өзенінің жоғарғы бөлігінде орналасқан Шұбар ауылдық округіне қарасты Аққойлы, Жусансай, Шұбар, Береке ауылы маңынан өтетін өзен арнасының қазіргі жай-күйін тексерді.

Бүгінге дейін Шұбардағы 7 шақырым өзен жағасындағы 15 гектар жер телімін су шайған. Тағы 8 шақырым жағалаудағы 32.69 гектар аумақты су алу қаупі бар.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін аталған ауылдың 4 елді мекенінен өтетін өзеннің 2.5 шақырым арнасын бұру жұмыстары көзделген.

Сапар барысында Зулпыхар Сансызбайұлы

төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жұмыстарды жүйелеп, басталған құрылыс жобаларын дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында облыстық және жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуда. Қаржы шешілген жағдайда өзен арнасын бұру және дамбы салу жұмыстары 5 кезең бойынша жүзеге асырылатын болады.

 

ПІКІР ЖАЗУ