Дархан Сатыбалды әкімдерге инвестициялық ахуалды жақсартуды тапсырды

Түркістан облысының аудан әкімдері мен кәсіпкерлерінің Қытай Халық Республикасына іссапарынан кейін өңірде бірнеше зауыт – фабрика ашу қолға алынды. Ынтымақтастық, экономикалық, сауда және ауыл шаруашылығын арттыру бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Облысқа инвесторлар тартып, өндірістік кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен басқосуда баяндалды. Облыс басшысы бұл бағыттарды жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Жиналыс барысында қытайлық инвесторлар онлайн байланыс арқылы Түркістан облысында бірлескен кәсіпорындарды құру бойынша бірқатар жобаларды талқылады. Облыс әкімі Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары және Кентау қаласының әкімдерінің есебін тыңдады. 20-дан астам кәсіпкер жаңа жобаларын таныстырды. Бұған дейін дәл осындай іссапар Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал аудандары және Арыс қалалары әкімдерінің қатысуымен ұйымдастырылған.

Нәтижесінде бұрғылау машиналары мен крандарға қажетті жабдықтар шығарумен айналысатын, жылу қазандықтарын шығаратын, тоқыма кластерін дамытып, қағаз өнімдерін шығарумен айналыстын және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын компаниялармен бірлесе жұмыс жүргізу көзделген. Жылыжай өндірісін дамыту, балық шаруашылығы, мал бордақылау кешені, етті терең өңдейтін цех құрылысына қажетті жаңа технологиялардың жабдықтарын шығаратын өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Сондай-ақ азық-түлік консервілеу бойынша аппарат шығарумен айналысатын, жеміс-жидек өнімдерін кептіретін аппарат шығарумен айналысатын, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысатын және көмір жағу арқылы электр энергиясын, алюмин, газаблок, кірпіш өндірумен айналысатын компаниялардың тәжірибесін пайдаланып, өңірде жүзеге асыру қолға алынбақ.

Облыс әкімі бастаманың нәтижелі болуы үшін бұл жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, жүйелі жолға қоюды міндеттеді.

– Босаңсуға еш себеп жоқ. Ел экономикасын дамытып, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз. Оның жолдарын көзбен көріп келдіңіздер. Енді осыны тұрақты жолға қою керек. Күнделікті жұмыс істеп, жүзеге асырған жөн. Әлі де нақты жобалар аз. Инвестор өзі келіп, жоба ұсынатын заман жоқ қазір. Олай ойлауды қойыңыздар. Сананы өзгерту керек. Ізденіңіздер. Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тартудың маңыздылығы айрықша. Оның үстіне қосымша қаржы көздерін табуымыз қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы барлық әкімдерге инвестициялық ахуалды жақсартуды жүктеді. Бұл мәселеге әр аудан әкімі жеке жауапты екенін ескертті. Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыт екенін атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ