Жетісай: жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жастар» спорт клубының ұйымдастыруымен Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған полиция полковнигі, Жетісай және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлын еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында Халықаралық турнир өтті.

Шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, спорт ардагерлері мен қоғам қайраткерлері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.

2007-2008, 2009-2011, 2012-2014, 2015-2016 жылы туылған жасөспірім балуандар боз кілемде 20, 23, 26, 29, +30, 32, 33, 35, 36, 38, 39, +42, 48, 52, 57, 60 және +80 келі салмақта өзара мықтыларды анықтаған байрақты бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, Түркістан, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар Төлеби, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарынан келген 400-ге тарта жас палуандар күш сынасты.

«Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – жаңа таланттарды анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін» деген аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып тартысты өткен байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар жанған балуандар қарсыласын алып та жықты, шалып та жықты. Сонау ықылым заманнан атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған күресте бабы келіскен жасөспірімдер бар мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолдануға тырысып бақты. Боз кілемде атой салып, талайлардың таңдайын қақтырған күрес спортының болашақ жұлдыздарының өнерін тамашалаған жанкүйерлер қошемет көрсетіп, демеу беріп отырды.

Жарыс қорытындысымен командалық есепте өзбекстандық палуандар жүлделі ІІІ орынды иеленсе, ІІ орын Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының қанжығасына байланды. Ал, жүлделі І орын Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі палуандарына бұйырды.

Турнир соңында барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар, жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар арнайы дипломдармен, ұйымдастырушылар тағайындаған медальдармен марапатталды.

ПІКІР ЖАЗУ