Түркістан: жанар-жағармай бекеттерін газбен камтамасыз ету қатаң бақылауда
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева айтты.
Оның сөзінше, газ өндіруші зауыттардың облысқа қажетті көлемді уақытылы жеткізе алмауының салдарынан соңғы уақытта аймақта газ жетіспеушілігі байқалған.
– 30 қазан күні Түркістан қаласына 97 тонна газ жеткізілді. Сондай-ақ, қосымша 73 тонна әкелінеді. Қазіргі уақытта Түркістан, Кентау қалаларында ірі газ құю станцияларында ғана сатылуда. Ал Кентау қаласында дәл қазір 4 тонна газ бар. Бүгін тағы да қосымша 27 тонна жеткізіледі. Қараша айына жоспарланған газ көлемі зауыттан 1 қарашадан бастап жолданады. Өңірдегі жанар-жағармай бекеттерін сұйытылған мұнай газымен камтамасыз ету қатаң бақылауда, – деді Роза Олжабайқызы.
Айта кетейік, Түркістан облысында сұйытылған мұнай газ таратушы 40 кәсіпкер тіркелген. Автомобильдік газ құю станцияларының саны – 317. Жалпы облыстың ай сайынғы қажеттілігі 12,5-13 мың тоннаны құрайды. Қазан айына бөлінген 11 052 тонна. Оның 9 432 тоннасы кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізілген. Ал 396 тоннасы газ толтыру станцияларына тасымалдану үстінде. Сондай-ақ, қалған 1 224 тонна зауыттан бүгін шығарылады.