Түркістан: Сарыағаш ауданында республикалық ақындар айтысы өтті
Түркістан облысының 5 жылдығына орай Сарыағаш ауданының мақтанышы, айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жарқын бейне — жауһар жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ақындарға сәттілік тіледі.
— Жарқынбек Наушабеков — жалпы айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Бүгінде артынан ерген шәкірттері, ізбасарлары жетерлік. Атадан балаға мирас болып келген айтыс халқымыздың баға жетпес құндылықтарының бірі. Алдағы уақытта мұндай мәдени іс-шараларымыздың қатары көбейіп, ауданымыздың мәдени-рухани дамуы артатын болады, — деді аудан башысы.
Дүбірлі сөз додасында ақын Мұхтар Құралұлы, айтыскер ақынжар Абдіхалық Абдіраймов, Маржан Есжанова, Қалижан Білдашовтар төрелік етті. Бас жүлде — Нұрдәулет Өмірбековке, І орын — Айбек Қалиевке, ІІ орын — Бекарыс Шойбековке, ІІІ орын — Анар Жаппарқұловаға бұйырды. Сонымен қатар, «Жыр дарабозы» номинациясын — Даниял Болысбек, «Жыр жүйрігі» номинациясын — Нұрғали Әнапия, аудан әкімінің арнайы жүлдесін — Гүлзия Қалымбетова, Ж.Наушабеков атындағы арнайы жүлдені — Ержан Әміров алды.






