Түркістан: ауылдарды сапалы интернетпен қамту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру жұмыстары басталды
Түркістанға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек іссапармен келіп, облыс аумағында интернет сапасын жақсарту барысы талқыланған мәжіліс өткізді. Мәжілісті Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүргізіп отырды.
Жиында осы салаға қатысты мәселелер айтылып, жоспарлар сараланды. Вице-министр Асхат Оразбек Мемлекет басшысының ауылдарды, сондағы мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасын жүктегенін, осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуы қажет екенін айтты. Министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін 114 елді мекен бар. 2023 жылы Түркістан облысы бойынша 30 ауылды елді мекенге жаңа базалық станция орнату және 62 елді мекеннің базалық станциясына жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарға енгізілді. Қазіргі уақытта, жылдың басынан бері 21 ауылға жаңа базалық станция орнатылып, 32 ауылда базалық станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысының елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес, облыс аумағындағы 203 елді мекенде (халық саны 250+) жаңа базалық станциялар орнатылады және 74 елді мекенде орнатылған ұялы байланыс операторларының базалық станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 907 мемлекеттік мектептің барлығы техникалық мүмкіндігіне қарай интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 529 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы интернет желісімен қамтылса, 263 мектеп шекара маңында және таулы аумақтарда орналасуына байланысты радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылған. 115 мектеп төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Бұдан бөлек, 2023 жылы басқарма тарапынан байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп, облыс бойынша 84 мектепті («Қазақтелеком» АҚ – 56 мектеп, «Транстелеком» АҚ – 28 мектеп) оптикаға ауыстыру мақсатында жоспар дайындалды. Қазіргі уақытта жоспар бойынша 56 мектеп оптикаға ауыстырылып, қалған 28 мектеп осы жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылады.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғли Әлімқұлов өңірдегі ауылдарды сапалы интернетпен қамту өңір басшысының бақылауында тұрғанын, осы бағытта нақты жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдарды интернетпен қамту жөніндегі тапсырма біз үшін өте маңызды. Біз өз тарапымыздан ауылдық елді мекендерге сапалы интернетті жеткізу үшін байланыс операторларын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Облыстың прогрессивті дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқарамыз деп сенім білдіремін, – деді аппарат басшысы.