Түлкібас: Машат және Мыңбай ауылының ауыз су жүйесі толық жаңартылады
Алдағы жылы Машат ауылдық округінде тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің біршамасы оңтайлы шешімін табады. Бұлай дейтініміз Машат және Мыңбай ауылындағы тозығы жеткен су жүйесі қайта құрылымдаудан өтіп, толық жаңартылса, округ орталығындағы асфальт жабындысы төселмеген 11 шақырымға жуық 8 ішкі көшесі(Әбділдәбек, Бекбаев, Мырзабаев, Қыстаубаев, Карибаев, Баймаханов, Медетов және Әуезов ) «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеуден өтпек.
Жағымды жаңалықпен бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған ауылдық округі тұрғындарының алдында берген есептік кездесуінде бөлісті.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатысты.
Бас қосуда аудан әкімі машаттықтардың әр бір ұсыныс-өтінішін өзіне түртіп алып, көтерілген барлық мәселе жоспарға алынып, кезең-кезеңімен шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Нұржан Жақсылықұлы келер жылға бюджетті жоспарлау кезінде осы кездесуде көтерілген мәселелердің ең өзектілері бірінші кезекте ескерілетінін жеткізіп, негізгі басымдық тіршіліктің нәрі жетпеген жерлерге ауыз су құбырын тартуға, газ және электр желісін жүргізуге берілетін болады деп, кездесуді түйіндеді.