Төлеби: бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке тойланды

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деді Мемлекет басшысы мереке жөнінде. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қайта оралған Республика күні мерекесін дәстүрлі түрде атап өту жалғасуда. Араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн, халықпен қайта қауышуына орай, Төлеби аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке қарсаңында бірқатар азаматтар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің, аудан әкімінің, «AMANAT» партиясының Алғыс хаттары мен аудандық мәслихаттың Грамотасымен марапатталды.

Аудан жұртшылығын ұлттық мерекемен аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді.

– Ел экономикасын, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, мәдениетін дамыта түсу жолында білек сыбана отырып, татулықтың арқасында еңбек ете берсек дейміз. Алдымызда әлі де атқарылар істер мен міндеттер тұр. Халық болып бірігіп татулықты ту етіп жұмыс атқарсақ, асар асуымыз бен шығар биігіміз көп болмақ. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз Қазақстан. Халқымыз өзінің болашағы мен балаларының тағдырын мемлекетімізбен ғана байланыстырады. Еліміздің әрбір азаматы мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты сезініп, игі істердің ұйытқысы болуда. Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін, деді құттықтау сөзінде Сержан Дауылбайұлы.

Тәуелсіз еліміздің жарқын мерекесі құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары, аудандағы ұлттық мәдени орталықтары әннен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ПІКІР ЖАЗУ