Сарыағаш: ауданда Республика күні мерекесі аталып өтті

Бүгін Республика күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиында аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы С. Тасқұлов , аудан тұрғындарын «Республика күні» мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

– Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – бұл Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына айналғалы отыр.Мерекелеудің негізгі арқауы республика мен ұлт үшін пайдалы істерге ұлтты ұйыстыру.

Қазіргі шақта Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің аудан үшін де маңызы зор болмақ.

Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ», – деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда жатталып тұр.Сіздерді Ұлттық мерекеміз – «Республика» күні мерекесімен құттықтай отырып, егемендігімізді сақтау, елімізді, ауданымызды өркендету жолында елеулі үлес қосуды баршаңызға нәсіп етсін дегім келеді.Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін.Егемендігіміз мәңгі болсын!- деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысқаны үшін бірқатар азаматтарға «Сарыағаш ауданның құрметті азаматы» куәлігі мен төсбелгілерін табыс етіп, облыс және аудан әкімінің, мәслихат хатшысының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Мерекелік жиын концертке ұласып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті.

ПІКІР ЖАЗУ