Келес ауданында “Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем” атты мерекелік шара өтті

Келес ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем» атты мерекелік шара өтті. Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған ісшараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

– Сіздерді бүгінгі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын. Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралып, кең көлемде аталып өтілуде. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік мәңгілік елімізге 33 жыл толады. Республика күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар үшін ұлы мереке. Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын! Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс, игілікті ғұмыр тілеймін, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Мерекелік шара барысы аудандық мәдениет өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Ақ Келесім хор ұжымы Егемен елім және Желсіз түнде жарық ай әндерін орындаса, Қызғалтақтар би тобы ұлттық билерді билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

ПІКІР ЖАЗУ