Қазығұртта Республика күні атап өтілді

Қазығұрт ауданының орталық Мәдениет сарайында 25 қазан – Республика күніне арналған «Жасай бер, Қазақ елі!» атты мерекелік іс-шарасы болып өтті. Айтулы шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Азизхан Азимханұлы, тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, әр түрлі салада жемісті қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына арнайы медальдар, мемлекеттік наградалар мен Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, мерейлі мереке қарсаңында өткізілген футболдан аудан біріншілігі жеңімпаздарына сертификаттар тапсырды.

– Бұл мерекені атап өтудегі басты мақсатымыз халқымыздың бірлігін нығайту, төл тарихымызды жетік меңгеру, соның ішінде Қазақстанның мемлекет болу жолында жасаған батыл қадамдарын кеңінен насихаттау, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктерін көрсету мен «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру бағытында халықты біріктіру. Қазақстанның азаттығын бекітіп, тәуелсіздігін нығайтқан бұл күн алдағы уақытта да халықтың бірлігін, татулығын нығайтуға үздіксіз қызмет етері күмәнсіз, – деді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.

Салтанатты іс-шара барысында қолөнер және кітап көрмелері ұйымдастырылып, әсем ән мен сахналық қойылымдар көрсетілді.

ПІКІР ЖАЗУ